Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Елемесова Жанар Қайратқызы 2026 жылғы 22–26 маусым аралығында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы музейлерін цифрландыру және дамыту» атты халықаралық семинарға қатысуда.
Семинардың мақсаты – музей қорларын сақтау мен тиімді басқаруды жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық тәжірибемен алмасу және музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру.
Семинардың негізгі спикерлері:
Әли Хайдар Аталар – Түркия Республикасы Мәдени мұралар және музейлер бас басқармасының 15 Шілде Демократия музейінің директоры. Ол «Цифрлық музей тәжірибелері», «Музей коллекцияларын басқару», тақырыптарында баяндама жасады.
Гюльсехер Гюрген – Түркия Республикасы Мәдени мұралар және музейлер бас басқармасы Музейлер департаментінің музей зерттеушісі. Ол «Мәдени мұраны цифрландыру», «Келушілер тәжірибесін жаңаша пайымдау: түнгі музейге бару және инновациялық жобалар» тақырыптарын қамтыды.
Перихан Донерташ – Түркия Республикасы Мәдени мұралар және музейлер бас басқармасының «Болашаққа мұра» департаментінің маманы, PhD дәрежелі археолог, ескерткіштерді қорғау жөніндегі сарапшы. Ол «Музей экспозициясындағы цифрлық элементтердің рөлі», «Түркиядағы музейлерді құру процестеріне жалпы шолу» тақырыптарында тәжірибесімен бөлісті.
Халықаралық семинар музей ісін цифрландыру, мәдени мұраны сақтау және басқарудың озық тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік беріп, қазақстандық және түркиялық мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуде.