Ғылыми-зерттеу іссапары 2026 жылғы 20 шілде – 18 тамыз аралығында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында жүргізілді. Зерттеу жұмыстары Өлгий қаласы, Цэнгэл, Толбо және Дэлүүн сұмындарын қамтыды. Баян-Өлгий – қазақтардың дәстүрлі мәдениеті мен көшпелі мал шаруашылығы тәжірибесі сақталған негізгі тарихи-этнографиялық өңірлердің бірі.
Іссапардың мақсаты – Моңғолия қазақтарының дәстүрлі мал таңбалау жүйесін, ен салу тәжірибесін, таңбаға қатысты әдет-ғұрыптарды және материалдық мәдениет үлгілерін тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу. Далалық жұмыстар барысында сұхбат алу, тікелей бақылау, фото және бейнефиксация, графикалық тіркеу және салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар Цэнгэл сұмындағы тувалардың мал таңбалау дәстүріне қатысты материалдар жиналып, қазақ және тува таңба жүйелерін салыстырмалы зерттеуге негіз қалыптастырылды.
Зерттеу аясында Баян-Өлгий аймақтық музейі мен орталық кітапхана қорларындағы тақырыпқа қатысты этнографиялық, тарихи және өлкетанулық материалдар қарастырылды. Дэлүүн сұмындағы Төңірек жайлауында жүргізілген далалық зерттеулер барысында 300-ден астам петроглиф, таңба және символдық бейне тіркелді.
Жалғызағаш жайлауында көне түркі дәуірінің тас мүсіндері мен таңбалары зерттелді. Жинақталған далалық және музейлік материалдар Моңғолия қазақтарының таңба мәдениетін, оның тарихи сабақтастығын және Алтай кеңістігіндегі көшпелі халықтардың таңбалық жүйелерін одан әрі зерттеуге маңызды деректік негіз болады.
https://www.berelmuseum.kz/kz/ylym/o-i-alar-k-ntizbesi/861-mo-oliya-a-issapar.html#sigFreeIda429eb16ba











